Мұнай өнімдерінің баға түзіміне қатысты әрқашан әкімшілік ресурстарға иек арта беруге болмайды, бұл мәселеде айқын әрі нақты формула қажет - Үкімет басшысы
19:31, 21 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мұнай өнімдерінің баға түзіміне қатысты әрқашан әкімшілік ресурстарға иек арта беруге болмайды. Сондықтан елімізге жаңа Салық кодексінде негізі қаланған мұнай өнімдерінің бағасы туралы айқын әрі нақты формула қажет.
Бүгін Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде Премьер-Министр осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мұнай өнімдеріне байланысты мәселеге тоқталатын болсақ, бұл жайында қоғамда көп әңгіме болып жүр. Былтырғы жылдың төртінші тоқсанында министрлік әкімшілік ресурстарды қолданды және ол дұрыс шешім болды, сөйтіп мұнай өнімдерінің бағасы төмендетілді. Бұл тұтастай алғанда инфляцияны ауыздықтауға ықпал етті. Алайда, әрқашан әкімшілік ресурстарға иек арта беруге болмайды. Сондықтан бізге, салық кодексінде негізі қаланған айқын әрі нақты формула қажет», деді алқада Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің пайымдауынша, әлемдегі мұнай өнімдерінің бағасы көтерілетін болса, ішкі баға да осындай мүмкіндікке ие болуы тиіс. Алайда оның шегінің қаншалықты болатынын айқын түсінуіміз қажет. Ал, әлемдік баға төмендейтін болса, бізде де автоматты түрде төмендеуі керек. Бұл монополиялық рента болмасы үшін қажет.
Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде Қазақстанға авиакеросиннің 30 пайызы, жоғары октантты бензиннің 40 пайызы сырттан әкелінеді. Бұған дейін қалған 60 пайыз бензинді шығаратын мұнайдың 50 пайызы сырттан әкелінген.