Мұнай өнімдерінің қалдығы қайда кетіп жатқанын қадағалайтын штаб құрылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде мұнай өнімдерінің қалдығы қайда кетіп жатқанын қадағалайтын штаб құрылады. Бұл жайында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды. Қалдықтардың мониторингі және жергілікті деңгейде шешімдер қабылдау үшін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері деңгейінде жедел штабтар құру жоспарлануда», - деді министр.

Сондай-ақ, ол Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданғанын айтты.

Олар:

- Автожанар-жағармай станцияларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар енгізу;

- Вагон-цистерналарды беру саны ұлғайды (дизель отынын орташа тәуліктік тиеп-жөнелту көлемін 15,6 мың тоннадан 18,9 мың тоннаға дейін жеткізу;

- Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жөнелту;

- Үкімет тапсырмасы аясында «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының арасында қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттау туралы келісімшарт бекіту.