Мұнай өнімдерінің бағасы өскенде алынатын акциз үлесі азайтылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай өнімдерінің көтерме бағасы өскен кезде алынатын қосымша акциз үлесі азайтылмақ. Осыған қатысты Ұлттық экономика министрлігінің бұйрық жобасы ашық НҚА порталында жарияланды.

Фото: Kazinform / Нұрбибі Теміртасова

«Бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасына және экологиялық отынға арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту туралы» Үкімет қаулысына енгізілетін өзгерістер мұнай өндіруші ұйымдардың экономикалық тиімділігін арттыру, сондай-ақ сала кәсіпорындарын дамыту әрі жаңғырту үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында әзірленген.

— Жобада мұнай өнімдерінің көтерме бағалары көтерілген кезде қолданылатын құбылмалы қосымша акциз үлесін 95%-дан 50%-ға дейін төмендету, яғни 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолданыста болған тәртіпті орнына келтіру көзделеді, — деп түсіндіреді министрліктен.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметтің 2026 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасы мен экологиялық отынға салынатын акциз мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізілді.