«Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ корпоративтік басқару тәжірибесін жетілдіру үшін Халықаралық қаржы корпорациясымен ықпалдасуда

АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ корпоративтік басқару тәжірибесін жетілдіру үшін Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) серіктестік қарым-қатынас орнатуда.

Бұл бүгін Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім болды , деп хабарлайды ҚазАқпарат.Дүниежүзілік банк тобының бөлімшесі саналатын IFC бұл серіктестікті инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асыруда. IFC-тің Орталық Азиядағы корпоративтік басқару жобасының жетекшісі Карл Бахтың айтуынша, бұл ықпалдастық кезінде «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ-ның ішіндегі корпоративтік басқару тәжірибесіне кешенді бағалау жүргізіліп, оны жетілдіру жоспары жасалады. Озық халықаралық тәжірибелерге сәйкес келетін талаптар жасалып, компанияның директорлар кеңесі, атқарушы органы және акционерлеріне кеңестер беріліп, арнайы тренингтер жүргізіледі. Сақтандыру саласына инвестиция құю сақтандыру өнімдері жүйесін кеңейтіп, бизнес тәуекелдерін азайтады. Жалпы IFC мен «Мұнай сақтандыру компаниясы» арасындағы әріптестік қарым-қатынас елдегі барлық бизнес қауымдастықтары үшін корпоративтік басқарудың халықаралық тәжірибесін көрсететін тиімді шара болмақ.