«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу кезінде Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ алдағы 24-25 наурызда Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық барысы талқыланды. Екі мемлекеттің басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты. Украинадағы ішкі саяси жағдайдың дамуына айрықша назар аударылды. Қазақстан мен АҚШ Президенттері Украинадағы дағдарысты осы елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді пайдалана отырып, бейбіт жолмен реттеу қажеттігін қуаттады. Бұл материал «Украинадағы жағдайға назар аударылды» деген тақырыппен берілді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Мұнай және газ министрлігі мұнай ұрлауға және заңсыз айналымына қатысты адамдардың мүлкін тәркілеу жөнінде заңдық норманы енгізу туралы мемлекеттік органдарға ұсыныс жасады. Бұл туралы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді. Өткен жылы Мұнай және газ министрлігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы жобаны кеше үкімет отырысына ұсынды. Жұмыс тобы негізінен жер қойнауын, мұнай және мұнай өнімдерін пайдаланудың нақты мәліметтерін жинауға көңіл бөлді. Мұнайдың ұрлануы негізінен екі түрлі жолмен жасалады екен: әртүрлі мұнай құрылғыларынан, уақытша қоймалардан, кен орындарындағы уақытша бекітілген скважиналардан, әдетте олардан мұнай ұрлауды мұнай өндіруші компаниялардың қызметкерлері қамтамасыз етеді. Екіншісі - мұнай құбырларын тесіп алу арқылы ұрланады. Бұл жағдайлардың барлығын Мұнай және газ министрлігі біліп отыр. Бұл жайындағы мақала «Мұнай ұрлағандардың мүлкі тәркіленеді» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Бұзақы баланы теміртор түземейді» атты жеткіншектер тәрбиесі мәселесін арқау еткен сараптамалық мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Н.Әбдіров қадамын шалыс басқан баланы бірден колонияға сүйрелемей, мейлінше қоғам ортасына қалдыра отырып, тәрбиелеу керек деген пікірін ортаға салады. "Түрме ең соңғы шешім, - дейді халық қалаулысы. - Оған дейін пробациялық бақылау арқылы, ортадан, өз отбасынан тысқары жібермей, түзеліп кетуіне мүмкіндік қалдырғанымыз абзал. Жасөспірімнің басым бөлігі қылмысқа саналы түрде емес, өзге түрлі себеппен барады. Оны дер кезінде байқаған соң сот залына сүйрелемей, болашақ тағдырын бұзып алмай тура жолын табуға көмектесуге тиіспіз".
*** «Түркістан» басылымы соңғы санында Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Абдулқайым Кесіжі мырзамен арадағы сұхбатты жариялады. «Диаспорадағы, оның ішінде, Еуропадағы қазақтардың құда түсу, отау құруы көбінесе өз арасында болады. Әйтпесе, 80 жылдан бері елден елге көшіп жүрген қазақтар бірлігі мен берекесінен, ұлттық ділінен, тілінен айрылып қалар еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстаннан біраз қазақ қызы Еуропадағы қазақтардың отбасына келін боп түсті. Сонымен қатар еуропалық қандастар арасында кейде өзге ұлт өкілдеріне үйленіп не тұрмысқа шығатын жайттар бар. Алайда диаспора қазақтары көбінесе тек қазақтармен некелесіп, отау құрады», - дейді Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы. Сұхбат «Абдулқайым Кесіжі: Қазақы құндылықтар - болашаққа мирас» деген тақырыппен берілген. *** Елімізден шыққан үздік кәсіби боксшы, WBA тұжырымы бойынша әлемнің супер-чемпионы Бейбіт Шүменов «Жас қазақ» басылымына арнайы сұхбат берді. «Шаршы алаңда шыдамсыз спортшылар қалмайды. Оның үстіне, бокс жекпе-жек өнерінің бір тармағы болған соң, жүректілік, төзім, қайрат бәрі керек. Кәсіби боксқа ден қойғалы бері менің жалпы боксқа деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Мұндағы жағдай мүлде басқа. Жаттығу да, жекпе-жек те әуесқой бокстан қиынырақ. Сондықтан жеңіске жету үшін өте көп еңбектену керек. Бүгінде мен тәуліктің 10-12 сағатын жаттығуға арнаймын. Таңертең ауыр салмақты зілтемір көтеремін. Күндіз жүгіру мен жүзуге уақыт бөлсем, кешке боксқа шындап кірісемін. Күрес пен гимнастикаға да көңіл бөлемін. Кәсіби бокста жеңіске жету үшін спорттың барлық түрін меңгеру керек», - дейді танымал спортшы. Сұхбат «Сом жұдырық» деген тақырыппен жарияланды.
*** «Экспресс К» газетінің бүгінгі санында «Вместо свадьбы - тюрьма» атты мақала берілген. Ақтөбеде жаяу жүргіншіні қағып кеткен көлік тізгінінде отырған қызды үш жылға абақтыға тоғыту үкімі шығарылды. 35 жасар зардап шегуші ес жимастан ауруханада көз жұмған. Оның артында зайыбы мен екі кішкентай балалары қалды. Сол күні 22 жасар Ұлжан Нұржанова жігітімен жолға шыққан. Қайғылы оқиғамен аяқталған ЖКО-дан кейін жігіт кінәнің барлығын өз мойнына алады. Алайда бір айдан кейін қыз кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен келді. Басылымның жазуынша, биылғы желтоқсанда Ұлжан мен оның сүйіктісі отбасын құруды жоспарлаған екен.