Мұнай ұрламақ болған 43 адам мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерияның қара алтынға бай Риверс штатында мұнай ұрлау кезінде қаза болған адамдар саны 43-ке жетті.

Фото: Anadolu

Anadolu агенттігінің мәліметінше, оқиға Окрика жергілікті өзін-өзі басқару аймағындағы Окари айлағында болған. Риверс штаты полициясының мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер мұнай ұрламақ болған деген болжам бар. Оқиға кезінде улы газ тараған.

Бірнеше адам есінен танып, өзенге құлаған. Зардап шеккендердің біразы тыныс алуы қиындағандықтан ауруханаға жеткізілді.

Бұған дейін кемінде 37 адамның қаза болғаны хабарланған еді. Кейін құрбандар саны 43-ке жетті.

Риверс штаты полициясының өкілі Агабе Блессинг Карбалоның айтуынша, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға тиіс.

Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Нигерияның солтүстік-шығысындағы Йобе штатындағы әскери оқу орталығына күдікті террористердің шабуылы кезінде кемінде 17 полиция қызметкері қаза тапты.