Мұнайдан басқа саладан да жұмыс қарау керек: Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Kazinform Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Қалада 262 көпқабатты үй бар, оның 232-сі 1960-1980 жылдары салынған. Екеуі апатты күйде, 52-сіне күрделі жөндеу керек.
Тағы бір мәселе – су тапшылығы. Оны шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты тәулігіне 50 мың м3 теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылмақ.
Алты сағаттық кездесуде тұрғындар түрлі сұрақ қойды. Үй алуға жәрдемдесу, мұнай-газ саласына жұмысқа тұрғызу жөнінде өтініш жасағандар болды.
«Мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуға келсек, келісілген алгоритмнің талаптарын сақтамай, кезексіз ұйымдастырудың мүмкін еместігі туралы бірнеше рет айттым. Біз әрқашан ашық диалог құруға дайынбыз. Алайда осы тұста атап өткім келетіні – тек мұнай өнеркәсібінде ғана емес, басқа салаларда да жұмыс істеу мүмкіншілігін қарау керек. Мысалы, дәрігер тапшылығы бар, осы мәселені шешу үшін мемлекет көп грант бөліп, тегін білім береді. Бизнеспен айналысамын дейтіндерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Болашақта жасыл энергетика, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да жаңа салаларда мүмкіндіктер өте көп», - деді Н. Ноғаев.