Мұнайдан мардымсыз үлес алып отырмыз – депутат табыстың қалай бөлінетінін жариялауды талап етті
14:20, 13 Қыркүйек 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев стратегиялық кен орындарындағы Қазақстан үлесін 51%-дан аз болмау талабын заңмен белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Конституцияның жаңа редакциясының 6-бабының 3-тармағында «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі» деп жазылған. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы қаралып жатқан заң жобасына 15-ке жуық түзету жолдады. Ең алдымен Өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) шарттарын жариялау керек. Соңғы уақытта БАҚ-та ӨБК-ның тонаушылық шарттары туралы ақпараттар жарияланған, соған сәйкес, Қазақстан Қашаған сияқты ірі кен орнынан өндірілетін мұнайдан мардымсыз үлес алып отыр», - деді Азат Перуашев Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы бір жыл бойы Үкіметтен бұл ақпаратты не растауды, не жоққа шығаруды, ал, расталған жағдайда аталмыш шарттарды қайта қарауды сұрап келеді. Алдағы уақытта партия жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етіп келеді.
«Конституцияның дәл сол нормасына сай, «Ақ жол» партиясы стратегиялық шикізаттық кен орындарындағы Қазақстанның үлесін 51%-дан аз болмау талабын заңмен белгілеуді ұсынады. Сонымен қатар, шетелдік жер қойнауын пайдаланушыларға халқымызға тиесілі табиғи байлықтарымызды өндіріп, сатуды ғана емес, Қазақстан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуды, оның ішінде, техника мен жабдықтардан бастап отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алуды, оларға жер қойнауын пайдаланушылардың өздері қолданатын ауыстырылатын қосалқы бөлшектер мен детальдарды шығаруға қажетті құжаттарды беруге септесуді ұсынамыз. Сол арқылы шикізат алпауыттары қалпына келмейтін қорымызды өндіріп қана қоймай, Қазақстанның технологиялық дамуына серпін берер еді», - дейді спикер.
Үкімет «ӨБК-ны Кодекстен алып тастаған, сондықтан, бұл мәселені енді қозғаудың қажеті жоқ» деген уәж айтады.
«Иә, Кодексте жаңа ӨБК болмайды. Алайда, ескі ӨБК күшін ешкім жойған жоқ, олар 2033 және 2041 жылдарға дейін қолданыста болады. Сондықтан, оларды Қазақстан халқының пайдасы үшін жариялап, қайта қарау ұсынысы әлі 10-20 жыл өзекті болмақ. Осыған орай, қолданыстағы ӨБК-ларға қатысты түзетулер енгізуді талап етіп отырмыз», - деп түсіндірді А. Перуашев.
Сондай-ақ, халықаралық құқықта ӨБК шарттарын жариялауға болмайды деп жазылған.
«Шенеуніктер логикасына сүйенсек, жер қойнауының иесі (Қазақстан халқы) шетелдіктердің өз меншігін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек. Бұл үйіңізге әлдебіреу келіп, жылдар бойы мал-мүлкіңізді сатып, ойына келгенін істеп, іргетасын талқандап кетуімен пара-пар. Ал, «мынау не істеп жатыр?» деген сұрағыңызға, заңгерлер «Сіздің оны білуге һақыңыз жоқ!» деп жауап береді. Бұл біреулерге ұнайтын шығар, бірақ «Ақ жол» фракциясы мұндай жағдаймен еш келіспейді», - дейді партия өкілі.
Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар Парламент ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.
«ӨБК Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы керек. Егер шенеуніктер бұл халықаралық шарттарды бұзып жатыр десе, онда біз шенеуніктерді Ата заңымызды бұзды деп айыптаймыз. Кімге қызмет ететіндеріңізді анықтап алыңыздар, шенеунік мырзалар. Өз еліңізге ме, өзге біреуге ме? Біз екінші оқылым барысында өз ұсыныстарымыздың енгізілуін талап етеміз. Қазірше «Ақ жол» фракциясы бұл заң жобасын қолдайды, алайда, Үкімет бізді естіп, өз Конституциясын қуаттайды деп сенеміз», - деді Азат Перуашев.