08:16, 08 Мамыр 2009
Мұнайдың бағасы 57 доллар/баррельге жақындады
ЛОНДОН/НЬЮ-ЙОРК. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат - Мамырдың 7-сі күнгі сауда қорытындысы бойынша жетекші мұнай биржаларында мұнайдың әлемдік бағасы тағы көтерілді.
Осылайша мұнай фьючерстерінің алдағы айдағы жеткізілімдерінің ресми бағасы: Лондон биржасында IPE e-Brent Crude Oil маркалы мұнай үшін ? 0,32 долларға көтеріліп, 56,47 доллар/баррельді құраса, Нью-Йорк биржасында - Light, Sweet Crude Oil маркалы мұнай үшін - 0,37 долларға қымбаттап, 56,71 доллар/баррельге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Мұнай бағасы алдыңғы күнгі жаңалықтардың әсерімен өзінің өсуін жалғастырып отыр. Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тың Энергетика министрлігінің елдегі шикі мұнай мен бензиннің қоры бойынша жариялаған ресми статистикасы сатушылар үшін сарапшылардың болжамынан тиімдірек болып шыққан. Атап айтқанда мамырдың 1-індегі жағдай бойынша, АҚШ-та шикі мұнайдың қоры бір аптада небәрі 600 мың баррельге артқан, ал сарапшылар қордың 2,2 миллион баррельге өсетінін болжаған еді.