Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті. Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Министр Досаевтың айтуынша, құжат ҚР Президентінің 24 тамыздағы Жарлығымен айқындалған мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функциялардың аражігін ажырату бойынша басты қағидаттар мен тәсілдерді іске асырады.
«Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінен Энергетика министрлігіне бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын белгілеу функциялары беріледі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен және жергілікті атқарушы органдардан Әділет министрлігіне сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларын жүргізу функциялары беріледі», - дейді Ұлттық экономика министрі.
Оның айтуына қарағанда, заң жобасы бойынша орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға да өкілеттіктер беру көзделеді. Мәселен, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару саласында жергілікті билік органдарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиялау, аттестаттау және бақылау, жер ресурстарын басқару функциялары берілмек.
«Осы мәселе еркеріле отырып, Ұлттық экономика министрлігінің тиісті Комитетінде жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жер ресурстарын басқару саласындағы қызметін бақылау функциясы сақталады. Бұл ретте аумақтық жер инспекциялары мен сәулет-қала құрылысын бақылау департаменттері жергілікті атқарушы органдарға тиісті штат санын бере отырып, таратылады», - деді министр.