Қарлығаштың бұл жобасы көзі көрмейтін мүгедектерге рельефті нүктелі Брайль жүйесінде жазуға және спорттық ойын түрлерін үйретуге бағытталған.
Қарлығаш айналасындағы жақындарының арасында көзі көрмейтін жандар бар болғандықтан, олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын жақсы біледі. Сол себепті де осындай әлеуметтік жобаны қолға алған. 2019 жылы Zhas Project жобасына қатысқан Қарлығаш грантты өз идеясын жүзеге асыруға жұмсады. Жобаның міндеті дүние жарығын көруден қағылған жандардың өмірін жеңілдету, көмек қолын созу. Оларға арналған білім алу, демалу орталығын құру болып табылады.
Енді өңірдегі зағип жандар дойбы мен шахмат ойнауды және Брайль жүйесінде жазуды меңгеріп жүр. Сабақтар аптасына екі рет сейсенбі және бейсенбі күндері өткізіледі. Қажетті құрал-жабдықтар тапсырыспен Алматы қаласынан алынды. Көзі көрмейтіндерге арналған үстел ойындары әдеттегі нұсқаларынан өзгеше. Фигуралар ойыншылардың мүмкіндіктеріне сай және ойнауға ыңғайлы етіп жасалған. Мысалы, ақ түстілері биік болса, қара мүсіндері біршама ойық болып келеді.
«Зағиптың да жарығы бар!» жобасы ойдағыдай жүзеге асты. Zhas Project қолдауының арқасында ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Барлығы келісім бойынша жасалды. Жобаны одан ары ақылы түрде жалғастырамыз деген ойымыз болды. Бірақ оны кейінге қалдырдық. Қазір де зағип жандар дойбы, шахмат ойнау үшін орталыққа келіп жүреді», - дейді Жобаның авторы.
Зағиптар өмірдің тауқыметін көрсе де, әлемді жанармен емес, жанымен сүйе біледі. Сондықтан жоба авторлары олардың бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасауды жөн көрді. Бұл да жобаның бір ерекшелігі болып табылады. Әр айдың соңында туған күн иелері үшін мерекелік дастархан жайылып, сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, басқа да танымдық шаралар мен тренингтер ұйымдастырылады. Осының барлығы зағиптардың өмірге басқаша көзқараспен қарауына септігін тигізеді.
Бүгінде орталықта Брайль жазуы бойынша білім алғандар облыстық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Болашақта Мұнайлыда тіркелген барлық зағиптарды орталықтағы ақысыз үйірмелерге тарту көзделген.
«Zhas Project секілді жобалар өте маңызды. Бұл біздің қоғамға аса қажет. Бір жағынан, бұл жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ елімізде түрлі әлеуметтік жобалар қолға алынып, халыққа өз пайдасын тигізеді», - дейді Қарлығаш Сәрсенбайқызы.
Қазіргі кезде облыстағы 90-ға жуық зағип жан бос уақыттарын орталықта өткізіп, сабақтарға белсенді қатысып жүр. Келемін деушілерге орталық есігі әрдайым ашық. Жоба туралы толық ақпаратты Instagram-дағы @zagiptar_qogamy парақшасынан оқуға болады.