Мұнайлыда медицина қызметкерлерінің төл мерекесі аталып өтті

None
АҚТАУ. Маусымныңі 18-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Мұнайлы ауданында медицина қызметкерлерінің төл мерекелері аталып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медицина қызметкерлерінің мерекесі күнінде аудан дәрігерлерін құттықтау шарасы Мұнайлы ауданында кең ауқымда аталып өтті.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серікбол Мусинов, аудан әкімі Елубай Әбілов және аудандық денсаулық саласы мекемелерінің басшылары мен кәсіби мереке иелері қатысты.

«Дені саудың- жаны сау» деп аталған салтанатты шарада алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қ. Жұмашев дәрігер мамандарды құттықтап, облыс көлемінде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жетістіктерді атап өтті.

Сондай-ақ ол ауылдардағы емдеу мекемелері, атап айтқанда, Қызылтөбе-2, Атамекен, Басқұдық, Маңғыстау-5 ауылдарының бастапқы емдеу орталықтары мен жедел жәрдем орталығы және туберкулезден сақтандыру кабинетінің меңгерушілеріне автокөліктердің кілтін табыс етті.

«Ауылдарда дәрігерлер мен кейбір жабдықтардың жетіспеушілігіне қарамастан талмай еңбектеніп жатқан сіздерге алғысымыз шексіз. Бүгінгі көрсетіліп жатқан қолдау көмек әлі де жалғасын табады. Келесі жылы Қызылтөбе-2, Баянды, Маңғыстау-4 ауылдарында емханалар ашылмақ. Бір-екі айда ауданға жылжымалы момограф алып береміз. Сөйтіп 2-3 жылда аудан бойынша медициналық инфрақұрылымды аяқтаймыз деп отырмыз»,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы С. Мусинов.

Басқарма бастығы еңбегімен еленіп жүрген бірнеше медицина қызметкерін алғыс хаттармен марапаттады.

Мұнайлы ауданында соңғы жылдары облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен көптеген емдеу мекемелері бой көтеріп жатыр.

Бастапқы медициналық емдеу орталықтары, аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті.

Мұнайлы ауданының халқы алғаш құрылған жылдары 45 мың болса, бүгінде тұрғындар саны 90 мыңнан асып отыр.