Мұнда үйдегідей емес, бірақ, балалардың қауіпсіздігі – қымбат – Атырауға эвакуацияланған ауыл тұрғыны
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында кешеден бері Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау жалғасып жатыр.
Атырау қаласындағы эвакуация пунктіне орналасқан ауыл тұрғындарының арасында Айғаным Қарасаева да бар. Онымен бірге 83 жастағы енесі, үш баласы келген.
«Біз эвакуация пунктіне кеше кешкі сағат 18:00 шамасында келіп орналастық. Бәрімізді медициналық тексеруден өткізді. Кешкі асымызды берді. Менімен бірге 83 жастағы енем мен үш балам келді. Ал, күйеуім ауыл тұрғындарымен бірге бөгет бойында кезекшілікте қалды. Әрине, мұнда үйдегідей емес, бірақ, балалардың қауіпсіздігі – қымбат. Эвакуациялау басталғанда, алдымен осыны ойладық», -дейді Айғаным Қарасаева.
Кеше, 13 мамырда Махамбет ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы Талдыкөл ауылының тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Өйткені, Атырау-Орал трассасынан аталған ауылға баратын жолдың екі жағына тасқын су басу қаупі төнген.
«Бүгін, 14 мамырда сағат 11:00-ге дейін Талдыкөл ауылынан 151 адам эвакуациялық пунктке көшірілді. Оның ішінде 102 бала бар. Ал, туыстарының үйіне орналасқан тұрғындардың саны 245 адам. Олар өздерімен бірге 143 баласын алып кетті. Қазір Талдыкөл ауылының тұрғындар алдын ала эвакуациялау жалғасып жатыр», -деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Кеше кешке дейін Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының 140 тұрғыны Атырауға көшірілгенін жазған болатынбыз.