Мұндай серіктеспен бәрі жұмыс істегісі келеді — ресейлік сарапшының Қазақстан туралы пікірі

Фото: interatr.org

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік жазушы Леонид Млечиннің пікірінше, Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы ең көрнекті әрі алғыр көшбасшылардың бірі. Jibek Joly телеарнасына эксклюзивті сұхбатында ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың күздегі Бейжің, Вашингтон және Мәскеуге сапарын түсіндіріп, талдау жасады.

Млечиннің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев іссапарға барған әр елдің тілінде сөйлесуі— бұрын-соңды болмаған жағдай.

Сарапшы Президенттің Дональд Трампқа ерекше әсер еткенін атады. Өзге меймандардың арасында Қазақстан көшбасшысын ерекшелеген де осы қасиеті екенін алға тартты.

Ресейлік сарапшы әсіресе Астана мен Пекин арасындағы қарым-қатынасты жылы деп бағалады және Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, алға жылжытатынын айтты.

— Басқа мемлекеттердің жетекшілері олардың алдында өз елін өзгертіп жатқан мемлекет басшысы тұрғанын айқын көреді, түсінеді. Біз де көріп отырмыз, саяси реформадан кейін экономикалық, әлеуметтік реформалар да сәтті жүзеге асып жатыр. Әлбетте, басқа мемлекеттердің де жетекшілері мұны байқап, қазақ елінің өрлеп, жылдам қарқынмен дамып  келе жатқанын аңғарып отыр. Мұндай серіктеспен бәрі жұмыс істегісі келеді, — деді Млечин.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірден әлемнің үш ірі астанасы— Пекин, Вашингтон және Мәскеуге мемлекеттік сапармен барған болатын.

Президенттің АҚШ-қа сапары қалай өткені туралы Kazinform агенттігінің аналитикалық шолу материалынан оқыңыз.