Мұндай жеделхат экс-президенттерге сирек жолданады - Абаев Трамптың хаты жайлы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АҚШ Еуразияда бейбітшілікті нығайтуда Қазақстанның бастамаларына, сондай-ақ ядролық қарусыздануға, әлемдегі кикілжің болған жерлерге гуманитарлық көмек жолдау секілді бастамаларына жоғары баға беріп келеді. Мұндай пікірді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл хат - Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевқа деген зор құрметін көрсетеді. Осы ретте дипломатиялық хаттама Елбасыға хат жолдауды міндеттемеген. Жалпы, мұндай жеделхаттар экс-президенттерге сирек жолданатынын атап өту керек. Сол себепті, америкалық президенттің хаты - Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда ғана емес, көптеген жаһандық бастамаларын да АҚШ-тың жоғары бағалайтынын көрсетеді», - дейді дейді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр өз сөзінде АҚШ өз кезегінде Қазақстан үшін екінші салмақты инвестор саналатынын атап өтті.

«Соңғы 15 жылда ғана ол жақта 30 млрд доллар тікелей инвестиция біздің экономикаға келіп түскен. Ең жоғарғы жаһандық алаңдарда америкалық тараптың өкілдері Еуразияда бейбітшілікті нығайтуда Қазақстанның бастамаларына, сондай-ақ ядролық қарусыздануға, жер шарының ыстық нүктелеріне гуманитарлық көмек жолдау секілді жұмысына жоғарғы баға беріп келеді. Осының бәрі - Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген еліміздің сыртқы саяси бағдарының дұрыс екенін паш етеді», - дейді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, АҚШ Президенті Дональд Трамп ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған болатын. АҚШ Президенті Дональд Трамп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды басқарған 30 жылға жуық уақыттың ішінде мол мұра қалдырғанын атап өтіп, билік транзитін конституциялық процедураларға сай жүзеге асыру шешіміне қолдау білдірген. Сонымен қатар, ол 2018 жылғы Елбасының Ақ үйге сапары АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қадам болғанын атап өткен.

Соңғы жаңалықтар