Мундиаль-2014: Бүгін төртжылдықтың ең басты додаларының бірі - футболдан әлем чемпионаты басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана уақыты бойынша түнгі сағат 00.15-те төрт жыл бойы іріктеуден өткен ең мықты 32 құрама Бразилияда футболдан Әлем кубогі жолындағы жарысты бастайды.

12 маусым мен 13 шілде аралығында барша әлем футболдан төртжылдықтың ең басты оқиғасына көз тікпек.

Әлем чемпионаты-2014 финалына барар жолда командалар 8 топта өзара сайысқа түседі.

«А» тобы: Бразилия, Хорватия, Мексика, Камерун. «В» тобы: Испания, Голландия, Чили, Австралия. «С» тобы: Колумбия, Грекия, Кот-д'Ивуар, Жапония. «D» тобы: Уругвай, Коста-Рика, Англия, Италия. «E» тобы: Швейцария, Эквадор, Франция, Гондурас. «F» тобы: Аргентина, Босния мен Герцеговина, Иран, Нигерия. «G» тобы: Германия, Португалия, Гана, АҚШ. «H» тобы: Бельгия, Алжир, Ресей, Оңтүстік Корея.

2014 жылғы мундиальдің матчтары Бразилияның 12 қаласында: Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор, Сан-Паулу, Порту-Алегри, Манаус, Форталеза, Натал, Белу-Оризонти, Бразилиа, Куяба, Куритиба стадиондарында өтпек. Ең ірі стадион - 76,8 мың орындық Рио-де-Жанейродағы атақты «Маракана» футбол кешені. Ал ашылу салтанаты Сан Паулу қаласында «Арена Коринтианс» стадионында өтеді. Ашылу салтанатынан кейін Бразилия мен Хорватия құрама командалары кездеседі.