Мұрат Балпан Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Ақмола облысы әкімінің өкімімен Мұрат Сағатұлы Балпан облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мұрат Сағатұлы 1970 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін және Омбы гуманитарлық-техникалық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Ақкөл ауданы «Хлебороб» кеңшарының құрылыс учаскесінде жұмысшы болып бастады.

1989-1994 жылдары Ақкөл ауданында ауыл шаруашылығы өндірісінің әртүрлі жауапты лауазымдарында жұмыс істеді.

1994-1998 жылдары Ақкөл ауданы Наумов ауылдық округінің әкімі, 1999-2000 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратында ұйымдастыру-бақылау бөлімінің кеңесшісі, Целиноград ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2000-2008 жылдары Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ шаруашылық басқармасы филиалының бөлім бастығының орынбасары, кейін басшысы болып жұмыс істеді.

2019-2012 жылдары «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ департаментінің директоры, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің тергеу департаменті мемлекеттік органдарының бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарды тергеу басқармасын, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясын басқарды.

2012-2014 жылдары Бұланды ауданының әкімі, 2014-2015 жылдары Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2017 — 2021 жылдары Жарқайың ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болды.

Осы тағайындауға дейін Аршалы ауданының әкімі қызметін атқарды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Целиноград ауданына жаңа әкім тағайындалғанын жазған едік.