Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Нүкісте өткен кезектен тыс сегізінші сессиясы барысында ӨР Президенті Шавкат Мирзиеевтің қатысуымен сессия хатшылығы сайланып, күн тәртібі бекітілді, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесі мен Есеп комиссиясы құрылды.
Ақсақалдар Кеңесінің шешімімен Қарақалпақстанның Жоғарғы Кеңес төрағасы қызметіне Мұрат Каллибекович Камалов ұсынылып, оны ӨР Президенті қолдады.
«Мен Мұрат Камаловты ұзақ жылдан бері танимын. Ол адал адам, патриот. Қай жерде жұмыс істесе де қарақалпақ халқының жағдайына алаңдайды – ең бастысы осы. Ол әкесі Каллибек Камаловтың, марқұм Мұса Ерниязовтың ісін жалғап, адамдардың өмірін жақсарту үшін қызмет ететініне сенемін», - деп атап өтті Өзбекстан басшысы.
Депутаттар Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне Мұрат Камаловты жасырын дауыс беру арқылы сайлады. Қарақалпақстан Республикасы Конституциясының 80-бабына сәйкес, Жоғарғы Кеңес төрағасы – Қарақалпақстанның басшысы және жоғары лауазымды тұлғасы.