Мұрат Нұртілеу АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен бірқатар мәселені талқылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы ресми сапармен Вашингтон қаласына барды. Сапар аясында ҚР Сыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мазмұнды кездесуі өтті.
Кездесу барысында АҚШ-тың Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына берік қолдауын тағы бір мәрте растады. Мемлекеттік хатшы Рубио мен Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Нұртілеу екіжақты сауда мен инвестиция көлемін арттыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ, АҚШ компаниялары үшін сенімді инфрақұрылым мен қолайлы реттеуші ортаның маңыздылығын талқылады.
Сонымен қатар Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара құрмет пен прагматикалық диалог қағидаттарына негізделген Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ұмтылысын растады. Әңгіме барысында америкалық озық технологияларды тарту және іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Қазақстан АҚШ-пен өзара тиімді серіктестікті ілгерілету үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге ниетті, – деді М.Нұртілеу.
Сонымен қатар Министр Қазақстанның энергия ресурстары мен аса маңызды минералдардың жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтті.
– АҚШ қауіпсіздік саласындағы әріптестікті кеңейту, C5+1 дипломатиялық алаңы арқылы өңірлік интеграцияны ілгерілету және технология мен маңызды пайдалы қазбалар секторларында өзара тиімді коммерциялық мүмкіндіктерді қарастыру бағытында Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті, - делінген баспасөз хатшысы Тэмми Брюс ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, Марко Рубио өз ведомствосын қайта жасақтайтынын мәлімдеген еді.