Мұрат Нұртілеу Кореяға ОА жастарының жаңа мамандықтарды игеруіне жағдай жасауды ұсынды

Орталық Азия елдері Оңтүстік Кореяның техникалық жоғары оқу орындарының филиалын ашуға мүдделі. Бұл туралы «Орталық Азия – Корея Республикасы» 16-ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабадтан.

Фото: Kazinform

«Біз өңірде жетекші корей техникалық жоғары оқу орындарының жаңа филиалдарын ашуға мүдделіміз. Бұл тұрғыда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалы ретінде Қызылордадағы Жасанды интеллект және информатика мектебінің ашылуын сәтті кейс деуге болады. Осы тәжірибені көбейтуді және жаңа техникалық мамандықтарды игеруде Орталық Азияның барлық елдерінің студенттеріне жағдай жасауды ұсынамын. Корея Республикасының Үкіметінің одан әрі қолдауына үміт білдіремін», - деді Мұрат Нұртілеу.

Ол Қазақстан ақпараттық технологиялар саласында елеулі табысқа жеткеніне тоқталды.

Бүкіл мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы автоматтандырылып, бірқатар ірі қалада жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін ақылды жүйе енгізілгенін атап өтті.

«Жалпы, Орталық Азия өңірінде машиналық оқу, электронды коммерция және толықтырылған нақтылық салаларында келесі буын стандарттарын енгізуге қажет  барлық нәрсе бар. Оңтүстік Кореяның тәжірибесін ескере отырып, осы салада бірлескен сараптамалық платформа құруды ұсынамын. Орталық Азиядағы ең ірі «Astana Hub» IT стартаптар технопаркі қолайлы алаңға айнала алады», - деді Қазақстан Сыртқы істер министрі.