Мұрат Өмірәлиев БҚО-ның Шыңғырлау ауданына әкім болды

Фото: БҚО әкімдігі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат келісімімен, меритократия қағидаттарына сәйкес Мұрат Өмірәлиев Шыңғырлау ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Мұрат Амангелдіұлы 1981 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетін «жоғары кәсіби білімді тарих пәнінің мұғалімі», «жоғары кәсіби білімді заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2002 жылы Бөрлі аудандық сотының маманы болып бастаған.

Әр жылдары Шыңғырлау ауданы ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Орал қаласы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы, бөлімнің меңгерушісі, Орал қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары, БҚО әділет департаменті басшысының орынбасары, БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2020 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы болып қызмет етті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Альмира Төлегенованың БҚО жұмыспен қамту басқармасының басшысы болғанын жазған едік.

Сондай-ақ Нұрділдә Ораз БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.