Мұратбаев Астана әуежайында кофе 2500 теңге тұратынына күмән келтірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Airport Management Group» ЖШС Бас директорының орынбасары Асқар Мұратбаев Астана әуежайында кофе 2500 теңге тұратынына күмән келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әуежайда кофе 2500 теңге тұратыны шындыққа жанаспайды, мен онда кофені 600 теңгеден ішемін. Әуежайдың екінші қабатында сол жағында тамаша дәмхана бар, сонда кофе 600 теңге тұрады, қателеспесем, биыл ақпан немесе наурыз айында болдым», - деді Мұратбаев ҚР Парламенті Мәжілісі жұмыс тобының отырысынан соң тілшілерге берген сұхбатында.

«Астана әуежайында жарты литр су үшін 700 теңге деген баға бар-жоғын білмеймін. Сенімді емеспін. Олар әлдеқайда төмен... онда суды бір ғана монополист сатып жатқан жоқ. Ол жерде дәл сондай тауар сататын, бір-бірімен бәсекелес бірнеше сауда нүктелері бар», - деді ол.

Сонымен қатар тілшілер «ЭКСПО кезінде Астана әуежайы аталмыш бағалармен шетел туристерін қалайша күтіп алуды жоспарлап отыр?» деген сауал қойды.

«Мен қателеспесем, Астана әуежайында 8 еуроға тамақтануға болады. Бұл қалтаға салмақ салмайды», - деп түйді Мұратбаев.

Еске салсақ, былтыр А. Мұратбаев Астана әуежайындағы дүкендер мен дәмханалардың бағалары төмендетіледі деп сендірген болатын.

Дегенмен әуежайдағы бағаларға қатысты жұрт наразылығы әлі сейілер емес.