Мұражай директорына «Шапағат» медалі тапсырылды
10:15, 28 Мамыр 2010
ОРАЛ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Жеңістің 65 жылдығына орай Елбасы Жарлығымен Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова мұражай-үйінің директоры Светлана Бектенова «Шапағат» медалімен марапатталған болатын.
Осы награданы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен салтанатты жағдайда табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал педагогикалық институтын 1980 жылы бітірген С.Бектенова М.Мәметова мұражай-үйінде қызмет етіп, кейін директорлыққа дейін көтерілді. Осындағы «Фронтовичка» соғыс ардагерлері клубын құрушылардың бірі болды. Көптен бері Мәншүктей Батыр қыздың есімін ардақтау, ерлігін насихаттау, мұражай жәдігерлерін қастерлеп ұстау бағытында еңбек етіп келеді.
Светлана Бектенова өткен жылы «Мәдениет қайраткері» атағына ие болған еді.