Мұсайбеков жарақатпен Олимпиадаға жолдама алған Жұмағазиевті өзгелерге үлгі етті
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің «Пхенчханда өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарынан қандай нәтиже күтесіз?» деген сауалына жауап берген вице-министр спортшылармызға қатты сенетіндігін айтты.
«Барлық жағдай жасалған. Біздің құрама команда заманауи жабдықтармен, медициналық қызметпен, массажшы-дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Бірақ бұл кәсіби спорт, үлкен спорт. Үлкен спорт болғандықтан «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей нәтижені ешкім нақты айта алмайды», - деді ол.
Сонымен қатар ол спортшыларда да жеңіске деген жігер болуы керектігін атап өте келе, ел қоржынына шорт-тректен 10-шы жолдаманы салған Нұрберген Жұмағазиевтің жарыс жолына жарақатпен шыққанын айтып берді.
«Спортшымыз Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогының Шанхайда өткен үшінші кезеңінде қатты жарақат алып, гипс салды және дәрігерлер 3 аптаға жарысқа қатысуға тыйым салды. Бірақ бір аптадан кейін онымен Сеулде, ең соңғы жарыста кездестім. «Не үшін мұнда жүрсің? Саған аурухана барып, емделу керек қой», - дедім. Ол: «Аға менде 5 00, 1 500 метрге жолдама бар. Тек 1 мың метрге ғана жолдама жоқ. Мен қатысамын, жеңемін», - деді. Міне, нәтиже бар, жеңді. 10-шы жолдаманы командаға әкелді. Сондықтан бізде осындай спортшылар болса, халық, ел болып оларды бағаласақ, сәттілік пен жеңіс тілесек міндетті түрде нәтиже болады»,- деді Мұсайбеков.