Мүшелік аясындағы жұмыстарға дайындық қыза түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2017 жылдың 1 қаңтарында басталатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмыс бағдарламасының мазмұнды бөлігіне дайындықты жалғастыруда, деп «Егемен Қазақстан» республикалық газеті хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтемемен.

Мәлімделген басымдықтар қатарын­­да ядролық қарусыздану және таратпау, терроризммен және экстре­мизм­мен күрес, бітімгершілік пен бей­біт құрылыс мәселелерімен қатар, қауіп­сіздік пен Орталық Азия өңірін дамыту мәселелері бар.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған Орталық Азия­дағы алғашқы ел екені белгілі. Осы ретте бүкіл өңірдің мүддесін қор­ғау­ға да дайын. Сондықтан Қазақ­стан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұ­мы­сы тұр­ғысынан алғанда, өңірлік пробле­ма­ларды шешуге қай жағынан ықпал ете алған болар еді деген мәселе маңызды.

Осыған орай, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер ми­нистрі Ерлан Ыдырысов жыл соңы­на дейін Орталық Азия мен Ауған­стан мемлекеттеріне арнайы сапар­мен барып, БҰҰ-ның басты саяси ор­га­ны­ның алаңында өңірлік тақырыптарды ілгерілету бойынша үйлестіру тұрғы­сы­нан келіссөздер жүргізетін болады.

Белгіленген мақсат шеңберінде 24-25 қараша күндері Сыртқы істер министрі Кабул мен Душанбе қалаларында болды. Е.Ыдырысовты екі ел астанасында да мемлекеттер бас­шы­лары - Ауғанстан Президенті Мо­хам­мад Ашраф Ғани мен Тәжікстан Пре­зи­­денті Эмомали Рахмон қабыл­да­ды. Қазақстан Сыртқы саясат ве­домст­во­сының басшысы аталған ел­дер­­дің пре­зиденттеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жол­дауын табыс етті. Онда 2017-2018 жыл­дары Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі жұмысы аясында ортақ міндет­тер­ді шешу үшін өзара іс-қимыл­дың тиім­ді арналарын табу бойынша әре­кет­тес­тікті жолға қою туралы айты­лады.

Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесуі кезінде қазақстандық министр еліміз­дің өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар аясын­да Ауған­стандағы жағдайды тұрақ­тан­дыру перспективаларына байланыс­ты мәселелерге баса маңыз беретінін атап көрсетті. Өзі тарапынан Ауған­стан Пре­зи­денті Қазақстанды БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшелі­гіне сайлануымен құттықтады. Қазақ­стан­ның 2009 жылдан бастап Ауған­стан жастарын елімізде оқытып жат­қан білім берудің мемлекеттік бағдарламасына өзінің ризашылығын білдірді. Нәтижесінде 1 мыңның шама­сында ауғанстандық студент Қазақ­станның жоғары және орта техникалық оқу орындарында оқып, тиісті білім алатын болады.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы тұрақты емес мүше­лігі кезінде атқаратын жұмыстары, осы аяда екі ел арасындағы сауда-эконо­микалық, инвестициялық, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері Ерлан Ыдырысовтың Ауғанстан Атқару­шы билігінің басшысы Абдулла Абдул­ламен және оның орынбасары Мохаммад Мохаккекпен, Ауғанстан Пре­зи­­дентінің Ұлттық қауіпсіздік мәсе­­лелері жөніндегі кеңесшісі Ханиф Ат­мар­­мен және Ауғанстан сыртқы іс­тер министрі Салахуддин Раббанимен кез­­десу­лері кезінде талқыланды.

Кеше Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосы басшысының Орталық Азия елдеріне турнесі Душанбеде жал­ғасып, оны Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Мазмұнды әңгіме барысында Е.Ыдырысов көр­­ші ел мемлекетінің басшысына Қазақ­­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жолдап, екі ел мем­лекеттік органдарының Қазақ­­стан Президентінің 2015 жылдың қыр­­күйегінде Душанбеге жасаған рес­­ми сапарының қорытындылары нә­ти­­же­сінде қол жеткізілген уағда­лас­тықтарды орындау жайымен таныстырды.

Е.Ыдырысов Тәжікстан басшысына Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қол­да­ғаны үшін ризашылығын білдір­ді. Министр Қазақстанның алдағы миссияның жауапкершілігі жоғары екенін жақсы түсінетінін және оны атал­ған алаңда Орталық Азия мемле­кет­­терінің ортақ мүддесін көтеру мүм­кін­дігі ретінде қарастыратынын атап көрсетті. Осы орайда Е.Ыдырысов Тәжік­стан Президентіне өзінің Кабул­дағы келіссөздерінің нәтижелері туралы айтып берді.

Өз кезегінде Э.Рахмон Қазақстан­мен екіжақты қызығушылық таныты­латын салалардағы өзара тиімді ынты­мақтас­­тықты әрі қарай нығайтуға Душан­бе­нің әрқашан дайын екенін білдірді.

Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен келіссөз жүргізсе, онда екі­жақ­ты негіздегі ынтымақтастық пен халық­ара­лық ұйымдар шеңберіндегі әрекеттес­тік мәселелері талқыланды. Тәжік­стан­дық министр Қазақстанның өңірден БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшелігіне алғашқы болып өкілдік ететін фактісін жоғары бағалады.

Душанбедегі кездесулерде, соны­мен қатар, Орталық Азиядағы су-энер­гетикалық кешеннің проблематикасы бойынша пікір алмасу­лар болды. Бар­лық мүдделі тараптардың тала­бын қана­ғаттандыруға қабілетті жалпы­өңір­лік шешімдерді іздестіруде оң үрдіс байқалып отырғаны да назардан тыс қалған жоқ.

Екі сапардың да ашық және ізгі үнқатысу ауанында өткенін атап өткен орынды.