Мүсірепов театры мен Құрманғазы оркестрі бұрын-соңды болмаған жоба ұсынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 29 наурызда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі жаңа концерт-спектакльді көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес, бабаларымыздың аманатын жастарға жеткізу мақсатында, «Аманат» атты концерт-спектакльді ұсынамыз. Оркестр мен театр актерларының бірігіп концерт-спектакль ойнауы Қазақстанда бұрын болмаған. Осылайша, көрермендерге актерлардың да ән айтып, би билеп, оркестрмен бірге поэзия-монолог оқитынын, сол бірлескен жобаны жоғары деңгейде жеткізуге болатынын көрсеткіміз келеді», - деді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, шығармашылық топ Нұр-Сұлтан қаласына гастрольмен келеді.

«Аманат» концерт-спектаклінің басты мақсаты - ұлыларымызды ұлықтау. Онда поэзия, ән мен күй, бәрі болады. Жобада Қорқыт бабамыздан бастап, бүгінгі жас ақын-композиторларға дейін барлық ұлы тұлғаларды көрсету көзделіп отыр. Бұл жоба Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынды», - деді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев.

Айта кетейік, 27 наурызда Халықаралық театр күні аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық театрында мерекелік шаралар ұйымдастырылады.