Мұсылман дәрігер тегін көмек көрсетуде

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Мұсылман дәрігер мұқтаждарға қол созуды өсиет еткен ислам дәстүрін жаңғыртып, Оңтүстік Каролинада тегін медициналық орталық ашты.

Бұл туралы muslim.kz жазды.

«Ральф Х. Джонсон» атындағы медициналық орталықтың гинеколог дәрігері Решма Хан өткен жылдың қаңтар айында әйелдерге арналған тегін кеңес беру кеңсесін ашты. Үш бөлмелі кеңсенің жалдау ақысын Солтүстік Америкадағы Ислам орталығы өз мойнына алды.

Емханада жағдайы төмен, медициналық сақтандыру құжаты жоқ әйелдерге олардың наным-сеніміне байланыссыз тегін көмек беріледі.

Қайырымдылық емханасында 20 шақты адам өз еркімен жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұқтаждарға көмек көрсеткісі келетін бірнеше компания емхана жұмысына атсалысады.

Решма Ханның жұбайы Ахсан Ханның да мамандығы дәрігер. Ол медициналық орталықтың қамқорлық кеңесінің құрамына кірген.

Медициналық орталыққа көмек сұрап келетін науқастардың дені өзге наным-сенімдегі адамдар. Мәселен, 4 баланың анасы Илиан Морено толық тексеруден өту үшін 600 доллар төлеуге шамасы келмейтінін айтып, осы емханада тегін қаралған.