Мұсылмандардың екі ұлық мейрамының бірі - Ораза Айт баршамызға құтты болсын!

Фото: None
bsp;АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып,

Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Рамазан айты». (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235).

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу», - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт нама­зы­на хош иісті болып бару - Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Се­бебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қан­дай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді», - делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін - сүннет.

Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Ораза айттың қадір-қасиеті туралы былай дейді. Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен ха­дисте: «Мүмін пенделер Рамазан айының ора­засын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым», - делінген.

Ислам ғылымхалы кітабында Айт жайлы былай делінеді: «Айт - дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір-бірімен етене араласып, адамдардың Рамазан бойы әр түрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер, өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн. Осы мүбәрак күнде Рамазан жеткен барлық жер-жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайындап, «құпия қазынаға» жап-жарық айна болу жолдарын көрсетеді... Көңілдері алабұртып, алып ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа-жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден, айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек-сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап-сары жапырақтай болып қалар еді».

Тәуелсіздігіміздің арқасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазақстандықтар Құрбан айтта бір күн демалыс алып отыр. Қазіргі таңда халық арасында Ораза айтта да демалыс беру жайы жиі-жиі көтеріліп жүр. Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұқаралық ақпарат құралдарында айтқан сөздеріне қарап отырып мынадай бір қызықты мәліметті кездестірдік. 1921 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы - Орынбор қаласында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлт қайраткерлері Сейітқали Меңдешовтің төрағалық етуімен өткен үкімет мәжілісінде күн тәртібіндегі «Мұсылмандардың мерекелері» деген мәселені қарап, наурыздың 5-інде Қазақстанда бұдан былай Ораза айтқа үш күн, Құрбан айтқа үш күн және Наурыз мерекесінде бір күн демалыс беру туралы шешім қабылдапты. Ол шешім 1926 жылға дейін ғана жүзеге асқан. Одан кейін қазақты қойша қырған қызыл өкіметтің «бас ал десе шаш алатын» басшылары мен жандайшаптарының солақай саясатының кесірінен аталмыш шешім күшін жойған.

Құдайға шүкір, қазір Қазақстан экономикасы мықты, саяси бағыты айқын тәуелсіз мемлекет. Елімізде «кеңестік биліктің жымысқы саясатының салдарынан» құрдымға кетіп қала жаздаған мұсылманшылдығымызды жаңғыртып, имандылыққа бет бұруда көптеген іргелі істер атқарылып жатыр. Республикамыздың әр қаласында, аудан орталықтарында, ауылдарында жыл сайын мешіттер салынып, дін исламға бет бұрған бауырларымыздың қатары көбейе түсуде. Бұл процесс ислам әлемі үшін екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айттың бір күнін Құрбан айт тәрізді Қазақстанда демалыс күні етіп жариялайтын мезгілді жақындата түскендей. Егер бұл арманымыз орындалып жатса, мұсылман бауырларымыз үшін үлкен мәртебе болар еді. Алла Тағала сол күнге жеткізсін деп тілек тілейік. Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!