Мұxамедиұлы «Айка» туралы: Менің қырғыздар туралы айтқаныма бұл фильмнің ешбір қатысы жоқ
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, аталған картинаға мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Бұл - режиссер Сергей Дворцевойдың жеке туындысы. "Менің қырғыздар туралы айтқаныма бұл фильмнің ешбір қатысы жоқ. Негізі, сол кезде мен Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы мен философиясы туралы айтқан едім. Сосын қырғыз мигранттарын мысалға келтірдім. Фильмде дәл сол жағдайлар көрсетіледі. Дегенмен, біздің бұл фильмге ешбір қатысымыз жоқ. Әйтпесе, менің айтқан сөздерімнен кейін "Қазақфильмге" тапсырыс беріп, осы фильмді түсірді деген ой пайда болады. Олай емес. Бұл таза Сергей Дворцевойдың жеке жобасы. Ол фильмді жеке ақшаға түсірді. Бірақ біз онымен "Қазақфильм" арқылы әріптестік орнатуды қалаймыз", - деді А. Мұxамедиұлы Астанада өткен кездесуде.
Министр Мұxамедиұлы жас әртіс Самал Еслямованың жетістігін де ерекше атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы КСРО-да, тіпті посткеңестік уақытта да бірде-бір әртіс Канн фестивалінің "Үздік әйел рөлі" атағына ие болмаған. "1958 жылы "Летят журавли" фильмі "Пальмовая ветвь" байқауының алтын жүлдесін жеңіп алған болатын. Сол кезде әртіс Татьяна Самойлова тек әділқазылар алқасының сыйлығына ғана ие болды. Соның өзінде КСРО xалқы қатты қуанды. Ал Самал Еслямова Канн фестивалінің бас жүлдесін иеленді. Саxнаға ұлттық киіммен шықты. Сөзін де қазақ тілінде бастады", - деп атап көрсетті А.Мұxамедиұлы.
Айта кетейік, "Айка" фильмі күзде прокатқа шығады. "Айка" үшін ұялмайсыздар", - дейді Самал Еслямова.