ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары мұз астына түсіп кеткен адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде күн жылына бастады. Бұл кезде мұз борпылдақ болады.
Соған орай құтқарушылар «Назар аударыңыз! Жұқа мұз!» акциясын өткізді.
«Аңыз бойынша мектеп оқушылары су айдынындағы мұзда сырғанап жүрген. Кенет ойын балаларлың бірі мұз астына түсіп кетті. Балалар жанталаса достарын құтқаруға тырысты, бірақ мұз жарыла бастағанда қорқып кетіп, дереу «112» нөміріне қоңырау шалды. Оқиға орнына дереу келген ТЖД қызметкерлері баланы судан шығарып алды. Содан соң оның су болған киімін құрғақ киімге ауыстырып, ыстық шай беріп жылытты», - делінген ақпаратта.
Шара барысында құтқарушылар оқушыларға төтенше жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керектігін және мұз астына түсіп кеткен адамды қалай жылыту қажеттігін түсіндірді.
«Зардап шеккен адамды мүмкіндігінше тезірек көлікке немесе жылы бөлмеге апарыңыз. Осылайша оны жел мен суық ауа райынан қорғайсыз. Үстіндегі дымқыл киім мен аяқ киімді шешіп, денесін сүлгімен немесе жұмсақ шүберекпен сүртіңіз. Үстін жылы көрпемен немесе киіммен жабыңыз. Егер есінен танбаса оған ыстық шәй беріңіз. Егер басқа құрғақ киім болмаса, зардап шеккен адам қарға жатып, аунауы керек. Өйткені қар суды жақсы сіңіреді», - деп түсіндірді құтқарушылар.
Егер зардап шегуші дірілдемесе, оны қозғалуға мәжбүрлеудің қажеті жоқ.
Ешқандай жағдайда денесін ысқыламаңыз, себебі бұл оның дене температурасының одан әрі төмендеуіне әкеліп соғады.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.