Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күнде таңертеңнен кешке дейін мұз үстін қарап жүреді.
Атырау қаласындағы Жайық өзенінде мұздың қалыңдығы - орташа 13 см, Құлсары қаласындағы Қамыскөл көлінде, Құрсай өзенінде - 15 см, ал Құрманғазы ауданындағы Шора және Қиғаш өзендерінде мұз қатқан жоқ.
Рейд барысында балық аулап отырған және мұз үстінде демалып жүрген тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Тәжірибе көрсеткендей, негізгі тәуекел тобына оқушылар мен балықшылар жатады.
Құтқарушылар ата-аналарға балаларымен жұқа мұз үстіне шықпауға, балалық тентектігі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкіндігін түсіндіруге және балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Сондай-ақ, құтқарушылардың міндеттерінің бірі — қыс мезгілінде балық аулаушыларға мұз үстіндегі қауіп-қатер туралы ақпаратты жеткізу.
- Өзіңізбен бірге құтқару құралдарының болғаны жөн. Бір ұшына ауыр салмақты зат түйіншектеп байланған 20-25 метрлік қатты арқан ала шығыңыз.
- Жаныңыздағы серігіңіз мұзға түсіп кеткен жағдайда, арқанның ауыр зат байлаған жағын серігіңізге қарай лақтырыңыз.
- Ауыр зат суға түсіп кеткен серігіңізге арқанды лақтырып, түйіншектен мықтап ұстап құтқаруға септігін тигізеді.
Құтқарушылар жүргіншілерге мұзға түсіп кеткен адамға көмек көрсету бойынша кеңестер мен жедел қызмет телефоны көрсетілген «Қауіпсіз мұз» тақырыбындағы жадынама таратты.
Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алатынын ескертеді.