Мұз айдыны, паркинг, көгал: Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақ қандай болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақта инженерлік желілерді жүргізуге 940 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі Kazinform агенттігі жолдаған сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Жоба «Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігіндегі аумақты абаттандыру» деп аталады.
– Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан 4,16 гектар аумақта заманауи және жайлы сквер салу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру екі кезеңге бөлінген: сквердің негізгі бөлігін салу және инфрақұрылымды дамыту, - деп хабарлады қала әкімдігінен.
Мегаполис басшылығының мәліметінше, жоба инклюзивтілік пен қолжетімділік талаптарына сай әзірленген – саябақ барлық жастағы және қозғалысы шектеулі тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып салынады.
– Саябақ толықтай абаттандырылады: тоған мен су тазарту жүйесі, сыртқы жарықтандыру, инженерлік желілер және аумақты кең көлемді көгалдандыру қарастырылған. Қыс мезгілінде мұз айдыны жұмыс істейді, - делінген әкімдіктің жауабында.
Техникалық қадағалау қызметіне қатысты мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған хабарламаға сәйкес, жаңа саябақтың астында жерасты автотұрақ салу да жоспарланған.
Сонымен қатар әкімдік жауабына сәйкес, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары аяқталып, бұрғылау және құрылымдарды бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
– Барлық жұмыс бекітілген мерзімге сәйкес және жоспар бойынша жүріп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталды, аяқталуы осы жылға жоспарланған. Инженерлік желілерді жүргізуге жергілікті бюджеттен 940 миллион теңге қарастырылған, ал құрылыс-монтаждау жұмыстарын демеушілер қаражыландырды, - делінген әкімдік жауабында.
Одан бөлек жоба аясында 1 500-ден астам жасыл желек отырғызу көзделген. Олардың қатарында қылқан жапырақты және ірі көлемді 150 ағаш бар.
Жыл басында Алматыда Президент резиденциясының орнындағы саябақ қашан ашылатынын жазғанбыз.
Еске салайық, 2022 жылы 5 қаңтар күні Президент резиденциясын бір топ адам басып алып, өртеп жіберді. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімімен бұл ғимарат сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны хабарланды.
Кейін Мамандар Алматыдағы Президент резиденциясы неліктен сүрілетінін түсіндірді.
2022 жылы наурыз айында Алматыдағы Президент резиденциясы тарихи ескерткіштер тізімінен алынып тасталды.
2022 жылы қазан айында Алматы әкімі Ерболат Досаев Президент резиденциясын сүру жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын айтты.