«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейдегі конкурста көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейдің Ярославль қаласында өтіп жатқан«В кругу семьи» конкурсында көрсетілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Казақфильм» түсірген туынды қазақтың бүркіт баулу ғұрпына арналған.

«Мұзбалақ» фильмінің Ярославльде көрсетілуі біз үшін атулы оқиға. Біз қазақ анимациясын әлемге шығара бастадық деуге болады. Оның жақсы нәтижесі болады деген үмітім бар», - дейді «Қазақфильм» өкілі Адай Әбелдинов.

«В кругу семьи» фестивалі отбасымен көруге арналған әлемнің үздік туындыларын көрермен назарына ұсынады. Оның басты мақсаты - кино арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеу. Фестиваль жыл сайын әр қалада өтіп, аясында түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылады.

Былтыр осы «Мұзбалақ» анимациялық фильмі ҚР кинематографистерінің «Үздік анимациялық фильм» аталымы бойынша «Құлагер» ұлттық жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ, аталмыш туынды XVII Халықаралық «От рухы» («Дух огня» ) атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің «Сенің киноң» («Твое кино») конкурстық бағдарламасына қатысқан.