Төтенше жағдайлар департаменті алматылықтарға қатты аяз басталғанға дейін мұз жұқа болатынын және ондай мұз адам салмағын көтере алмайтынын еске салды.
«Алматы қаласының аумағынан 28 шағын өзен ағып өтеді, сонымен қатар қала ішінде 26 су қоймасы бар. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент қызметкерлері аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, «Абайлаңыз, жұқа мұз!» және «Мұзға шығуға тыйым салынады!», – деген ескерту және тыйым салу белгілерін орнатуда»,– деп хабарлады ведомстводан.
Қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған интерактивті сабақтар, сондай-ақ үсік шалған жағдайдағы іс-әрекеттер туралы алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша іс-шаралар өткізілуде, Алатау ауданының өзінде 26 мектепте 600-дей адам қамтылды.
«Өткен 2020 жылдың қысқы маусымында 30 рейд жүргізілді. Аң аулау және балық аулау тауарлары сатылатын дүкендерге 300-ден астам жадынамалар мен ескертпелер таратылды. Келушілермен және дүкен әкімшіліктерімен 30-дан астам әңгімелер өткізілді»,– деп атап өтті департаментегілер.
Қайғылы жағдайларды болдырмау үшін бірнеше ережені ескеру қажет. Атап айтсақ, мұздың қалыңдығы тұщы суда кем дегенде 10 сантиметр, ал тұзды суда 15 сантиметр болғанда ғана адам өміріне қауіпсіз болады. Ал өзен сағаларында мұздың қаттылығы әлсіз болып келеді.
Мұздың қалыңдығын қалай білуге болады:
– ең қалың мұз - көгілдір түсті;
– ақшыл мұздың беріктігі 2 есеге дейін төмен болады;
– бұлдыр-ақшыл немесе сарғыш түсті мұз - қауіпті.
Мұздың қалыңдығы су тез ағатын жерлерде, бұлақтар мен ағынды суларда сонымен қатар сулы өсімдіктер өсетін жерлерде, ағаштар, бұталар мен қамыстарды жанында тұрақсыз болады.
–жылы ауа райында жұқа мұзға шықпаңыз (мұз жарылып, қытырлақ пайда болады);
– қыстың басында су қоймасының ортасы ең қауіпті болып саналады, ал көктемде су төгетін құбырларға жақын, көпірлер мен жағалаулар астындағы жерлерден аулақ болған дұрыс;
– қолайсыз ауа райында және кешкі уақытта мұзды жерге бармаңыз;
– кейбіреулер мұзды аяқпен теуіп көреді, бұл өте қауіпті. Мұздың қалыңдығын таяқшамен көруге болады;
– мұздың жекелеген аймақтарына топ болып жиналу қауіпті. Мұз үстімен топпен өту кезінде бір-бірінен 5-6 метр қашықтықты сақтау маңызды.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ оларға мұзбен өту өте қауіпті екенін, әсіресе мұз үстінде ойындар ұйымдастырмауды күн сайын ескертуді қатаң түрде ұсынады.