Музей түні: Алматылықтар 18 мамырда мәдени нысандарды тегін аралай алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Халықаралық музейлер күні қарсаңында «Музей түні» акциясы өтеді.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Биылғы акция Халықаралық музейлер кеңесі бекіткен «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» тақырыбына арналады.

Ұлттық орталық музей

18 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтарын қабылдайды. Келушілерге көрме, театрландырылған қойылым, концерт, шеберлік сабақтары, квесттер, кинокөрсетілімдер, VR-бағдарлама мен тарихи кейіпкерлермен кездесу ұйымдастырылады.

– «Музей түні» дәстүрлі іс-шара ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтар үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып отыр. Біз музейдің тарих, өнер мен замандық технологиялар тоғысқан ірі кеңістік екенін көрсеткіміз келеді. Биылғы бағдарлама одан да ауқымды болды, жобаның көбін Халықаралық музейлер күніне арнап дайындадық, - деді Ұлттық орталық музейдің директоры Сержан Саров.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Биыл акция бағдарламасына «Масатыдай құлпырған…» көрмесі енгізілді. Онда түкті және түксіз кілемдер, қабырға кілемдері мен ХХ ғасырдың басындағы сирек тоқыма бұйымдары қойылады. Негізгі экспонаттың қатарында әйгілі «Сыр кілем» немесе «Қоңырат кілем» бар. Сондай-ақ музейде «Бірегей!» көрмесі өтеді онда асыл металдардан жасалған антикварлық бұйымдар, XII ғасырдағы сағаттар мен шырағдандар коллекциясы, сирек фарфор мен қыш, кескіндеме туындылары мен тұңғыс бақсысының киімі көрсетіледі. Одан бөлек Қазақстанның әртүрлі тарихи кезеңіндегі спорт, мәдениет, білім мен қоғамдық өмірмен байланысты төсбелгілер мен белгілер көрмесі де ұйымдастырылады.

Сержан Саров «Қазақ» радиосының 105 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 60 жылдығына орай «Ұлттың үнбайрағы» атты мерейтойлық көрме ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі дайындалып жатыр.

– Қонақтарымызды Алтын адам, Томирис патшайым, бақсылар, қазақ хандары мен Алдар Көсе күтіп алады. Балалар үшін Қазақ мемлекеттік циркінің арнаулы шоу-бағдарламасы дайындалды, сондай-ақ «Қазақфильм» қорынан кино көрсетіледі, - деді Сержан Саров.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Қастеев музейі

Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі де «Музей түніне» орай үлкен бағдарлама дайындап отыр. Бұл туралы мекеме директорының орынбасары Мөлдір Бигелдиева айтты.

– Сағат 16:00-ден 24:00-ге дейін қонақтарды музыкалық шоулар, перформанстар, квесттер мен басқа да мәдени іс-шарадан тұратын мазмұнды бағдарлама күтеді. Музей қонақтарына тосынсый да бар, әзірге құпия болып қалсын, - деді ол.

«Музей түні» акциясы бірден екі форматта – музейдің көрме залдары мен музей ауласындағы open air алаңында өтеді.
Бағдарлама аясында музей қорынан дайындалған және «Самұрық-Қазына Траст» қорының 10 жылдығына арналған «Жеті қазына» көрмесі ашылады. Балалар мен жасөспірімдер үшін «Жеті қазына» атты интерактивті квест ұйымдастырылады. Сондай-ақ музыканттар, этно-орындаушылар, әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Алматы музейлер бірлестігі

Алматы музейлер бірлестігі директорының орынбасары Рүстем Қайратұлы 18 мамырда бірлестік құрамына кіретін барлық музейге кіру тегін болатынын атап өтті.

Олардың қатарында:

– Алматы музейі;

– Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі;

– Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейі;

– Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы;

– Дінмұхамед Қонаев мемориалды музейі;

– Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалды музей-үйі;

– Ғабит Мүсірепов әдеби-мемориалды музей-үйі;

– Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі;

– Алматы галереясы бар.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

«Музей түні – 2026» акциясы аясында музейлер 18 мамыр күні сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Негізгі кешкі бағдарлама сағат 18:00-ден түн ортасына дейін өтеді.

Алматы музейі алаңында Асанәлі Әшімов театрының «Алматы – махаббатым» қойылымы өтеді. Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық үй-музейінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі ұсынылса, Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық үй-музейінде «Мөлдір махаббат» қойылымы сахналанады.

Сонымен қатар музейлерде көрмелер ашылады. Олардың қатарында сақ жауынгерінің ғылыми реконструкциясы, Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек» көрмесі, сондай-ақ Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдығына арналған көрме бар.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Акция аясында тұрғындар музейге өз заттары мен көне дүниелерді тапсыра алатын «Музейге сый» жобасы мен танымал тұлғалар қатысатын «Жұлдызды гид» жобасы өтпек.

Қонақтар үшін «Сазген сазы», «Арқайым», «Парасат» этно-фольклорлық ұжымдары, Kalifarniya, Bayansulu, «Алатау серілері» мен «Алашұлы» топтары, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, Айдана Меденова, IL Canto квартеті, Талғат Әбуғазы мен Мұрат Әбуғазы, Эльза Карабалина, Ардақ Исатаева қатысатын концерт, ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, қыш өнері, музыкалық аспап жасау мен бейнелеу өнері бойынша шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Еске салайық, Жамбыл облысында әйгілі қара кемпірдің музейі ашылды.