Музей түні Алматыда қандай іс-шара өтеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Сирек экспонаттар, шығармашылық шеберханалар және мерекелік концерттер. Алматы қаласы «Музей түні» халықаралық акциясы аясында келушілерге жан-жақты бағдарлама ұсынбақ.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 18 мамыр кешкі сағат 18:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін мегаполистегі музейлерде тарих және өнерсүйер қауым үшін бірқатар қызықты шара ұйымдастырылады.

Музейлерге келушілер эксклюзивті артефактілер мен сирек кездесетін эспонаттарды, тарихи кейіпкерлердің қатысуымен театрландырылған қойылымдар тамашалай алады.

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ квесттер мен викториналарға, қыш ыдыстар жасау және ортағасырлық монеталарды соғу, музыкалық аспаптар мен зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптарға қатысуға мүмкіндік алады. Белгілі музейтанушылар мен ғалымдар Алматы тұрғындары мен қонақтарына авторлық экскурсиялар өткізіп, интерактивті дәрістер жүргізеді.

Бұл түні Алматы музейлерінің барлығына кіру тегін болады. «Музей түні» акциясы аясында келушілер мәдениет пен тарих бағытындағы білімін таразылап, дәуірлер мен өнер арқылы бірегей және интерактивті әлемге саяхаттай алады.

Акция аясында қызықты шаралар ұйымдастыратын музейлердің тізімі:

- Алматы музейі, Қабанбай батыр көшесі, 132
- Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Зенков көшесі, 24а
- Д.А.Қонаев музейі, Төлебаев көшесі, 117
- Н. Тілендиевтің мемориалдық музейі, Қонаев көшесі, 96
- С. Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық музейі, Төлебаев көшесі 125
- Ғ.Мүсірепов атындағы музей кешені, Төлебаев көшесі 130
- Мультимедиялық дәстүрлі музыкалық орталық, Нұркент 1, 5/11
- А. Байтұрсынұлының музей-үйі, Байтұрсынұлы көшесі, 60.

«Экскурсоводтар, аты аңызға айналған тұлғалардың ұрпақтары, мәдениет қайраткерлері, атақты артистер мен танымал блогерлер музейлерге келген қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынады», - деп хабарлады әкімдіктен.

«Музей түні» алғаш рет 1997 жылы Берлинде өтті. Халықаралық музейлер күніне орайластырылған акцияның мақсаты – мәдени мұра мен өнерді насихаттау.

Қазақстанда бұл акция 2006 жылдан бастап ұйымдастырып келеді