Музыкалық жас көрермен театры жаңа маусымын «Абай-Тоғжан» қойылымымен ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры жетінші маусымының шымылдығын түрді. Биыл театр репертуарын жаңа қойылымдармен толықтырып, көрерменге түрлі жанр мен мазмұндағы спектакльдерді ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Жетінші маусымның шымылдығын театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, ұжым үшін жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады. Ол театрдың осы уақытқа дейінгі шығармашылық жолына тоқталып, тарихымен таныстырды.

— Бүгін жетінші маусымның шымылдығын ашып жатырмыз. Расында, осыдан алты жыл бұрын жетінші маусымға келеміз деп ойламаған едік. Уақыт жүйрік екен. Осы жылдар ішінде театрымыздың репертуарында 30-дан астам қойылым жинақталды. Қазақта жеті деген санды ерекше қасиет, кие тұтады. Сондықтан жетінші маусымда театрымызда қадір-қасиеті мол, ерекше мазмұны мен сипаты келіскен, көркемдік ізденістерге толы қойылымдар болады деп сенемін. Біздің театр 2020 жылғы 14 желтоқсанда Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» қойылымымен ашылған болатын. Күні кеше ғана қазақтың ақыны, ойшылы ұлы Абайдың туған күніне орай Абай күні аталып өтті. Биыл — Абайдың туғанына 181 жыл. Біз Абай атамыздың 175 жылдығында арнайы ашылған болатынбыз. Сондықтан «Абай-Тоғжан» — біздің төлқұжатымыз. Бұл қойылымның театрымыз үшін орны ерекше, — деді қойылым режиссері, театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Театр ұжымы биылғы маусымның алғашқы қойылымы ретінде «Абай–Тоғжан» спектаклі көрерменге тарту етті. Қойылымның театр репертуарында өзіндік орны бар. Сонымен қатар жаңа маусым барысында көрерменге «Гауһартас», «Қош бол, Гүлсары» секілді қойылымдар ұсынылып, жаңа туындылар мен премьералар сахналанбақ.

Фото: Астана әкімдігі

«Абай-Тоғжан» — көрерменнің ықыласына бөленген, театр репертуарындағы маңызды қойылымдардың бірі. Жаңа маусымда да көрермендерді осы спектакльмен қайта қауыштыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар репертуарымызда «Гауһартас», «Қош бол, Гүлсары» секілді қойылымдар бар. Бұдан бөлек, көрерменге ұсынатын жаңа туындыларымыз бен бірнеше премьера дайындалып жатыр.

— Жалпы, жаңа маусымның басталуы — біз үшін үлкен мереке. Ұжым үшін бұл шығармашылық жұмыстың жаңа кезеңі. Демалыстан кейін әр әртіс сахнаға жаңа күшпен, тың оймен, ерекше шабытпен оралады. Сондықтан жаңа маусымда көрерменге де жаңа әсер сыйлайтын дүниелер көп болады деп ойлаймын. Көрермендерімізді де сағындық. Театр мен көрерменнің арасындағы байланыс біз үшін өте маңызды. Сол себепті жаңа маусымда көрермендерімізбен қайта қауышып, жақсы қойылымдарымызды ұсынуға қуаныштымыз. Алдағы уақытта тың дүниелер мен жаңа премьералар арқылы көрерменнің көңілінен шығуға тырысамыз, — деді Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Асылхан Төлепов.

Фото: Астана әкімдігі

Театрдың басты бағыттарының бірі — көрерменге сапалы қойылым ұсынып қана қоймай, сахна арқылы қоғамдағы маңызды тақырыптарды көтеру. Әсіресе жас көрерменнің театрға қызығушылығын арттырып, оның эстетикалық талғамы мен дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ету маңызды.

Фото: Астана әкімдігі

Осылайша, Музыкалық жас көрермен театрының жетінші маусымы жаңа шығармашылық жоспарлар мен тың ізденістерге жол ашты. Алдағы уақытта көрерменді танымал қойылымдармен қатар, жаңа туындылар мен премьералар күтеді. Ендігі кезекте театр ұжымы жаңа рөлдер мен қойылымдар арқылы көрерменге ой салып, жетінші маусымды мазмұнды әрі есте қаларлық шығармашылық кезеңге айналдыруды көздейді.

Бұған дейін биыл ел театрларында балаларға арналған қойылымдарды 560 мыңға жуық көрермен тамашалағанын жазғанбыз.