Балалар мерекесіне орай дайындалған «Күлше қыз» музыкалық ертегісі орыс драматургы Евгений Щварц пен композитор Антонио Спадавеккианың «Золушка» атты ертегісінің желісінен алынған. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Есім Сегізбаев. Ал, аталған ертегінің қоюшы режиссері – «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының иегері, Музыкалық жас көрермен театрының актері, әрі режиссері Расул Усманов.
Қойылымға екі немересін ертіп келген Гүлбаршын Сиқымбекова ертегіден алған әсермен былай деп бөлісті:
«Немерелерім телеарнадан көріп жүрген кейіпкерлерімізді сахнада көргенде қатты қуандық деп айтып отыр. Актерлардың ойнау қабілеті жоғары болды. Әсіресе, балалармен қарым-қатынас жасағандары ұнады. Театр ұжымына сәттілік тілейміз! Қойылымдары көбейе берсін», - деді Гүлбаршын Сиқымбекова.
Қойылым Нұр-Сұлтан қаласында тұратын қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ішкі істер органы қызметкерлерінің балаларына арналып отыр.
Балаларға арналған кешке Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты, Ұлттық Ұлан және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаменті қызметкерлері де қатысады.