Музыкант, дирижер Марат Бисенғалиев «Барыс» орденімен марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес III дәрежелі «Барыс» орденімен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, виртуоз-скрипкашы Марат Бисенғалиев марапатталды. Жоғары мемлекеттік марапатты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның Телеграм-арнасына сілтеме жасап.

«Марат Сәметұлын бүкіл әлемдегі миллиондаған музыка сүйер қауым біледі және жоғары бағалайды. Сіз асқан шеберлігіңіздің арқасында АҚШ, Еуропа және Азияның ең беделді алаңдарын бағындырдыңыз. Бұл биік марапат ерен еңбегіңіздің тағы бір дәлелі», - деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, Марат Бисенғалиев Бирмингем консерваториясының профессоры, AAPRO Азия-Тынық мұхит өңірі оркестрлері Альянсы директорларының бірі.