«My Freighter» өзбек әуе компаниясы Қазақстанға әуе рейстерін ашады

Фото: Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстердің санын арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2025 жылдың 5 мамырынан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығына Өзбекстан Республикасының «My Freighter» (Centrum Air) жаңа авиакомпаниясы шығады. 

Әуе компания Ташкент-Алматы бағыты бойынша аптасына екі рейс жиілігімен (дүйсенбі және бейсенбі) тікелей тұрақты жолаушылар рейсін орындай бастайды.

Одан ары 2025 жылдың 6 маусымынан бастап аптасына (жұма күндері) тағы бір рейс қосылып, осылайша рейс саны аптасына 3-ке дейін ұлғаяды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туризм және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана-Самарқанд бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылатынын жазған едік.