Мьянмадағы жер сілкінісі: ЕО көмекке 2,5 миллион еуро бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Гуманитарлық жәрдем Мьянмадағы көмекке мұқтаж адамдардың өмірін сақтап қалуға әрі шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі, деп хабарлады DW сайты Еурокомиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мьянмада 700-ге жуық адам қаза тапқаны хабарланды.
Еуропалық Одақ Мьянмадағы жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға бастапқы, шұғыл көмек ретінде 2,5 миллион еуро бөледі, делінген жұма, 28 наурызда Еуропалық комиссияның сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында.
— Бұл жаңа гуманитарлық көмек қоныс аударған адамдар мен қақтығыстардан зардап шеккен қауымдастықтарға ерекше назар аудара отырып, Мьянманың ең осал тұрғындарының өмірін сақтап қалуға және шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі, — делінген хабарламада.
ЕО жер сілкінісінің салдарын бағалауды жеңілдету үшін өзінің Коперник спутниктік қызметін де пайдаланғаны көрсетілген.
— Еурокомиссия гуманитарлық серіктестермен бірлесіп, ЕО-ның одан әрі көмегін жұмылдыру үшін жергілікті жердегі жағдай мен қажеттіліктерді бағалайды, - деп хабарлайды ЕК баспасөз қызметі.
Ағымдағы қаржы бөлуді ескере отырып, ЕО Мьянмаға гуманитарлық көмек көрсетуді қаржыландырудың жалпы көлемі 2025 жылы 35 миллион еуроға жетті, делінген хабарламада. ЕО 1994 жылы Мьянмаға гуманитарлық көмек көрсете бастағаннан бері жалпы қаржыландыру 446 миллион еуродан асып жығылды.
Reuters елдің бірқатар қалаларында инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келгенін хабарлады. Ел астанасы Нейпитауда зардап шеккен ғимараттардың арасында 1000 төсектік аурухана да бар екені белгілі болып отыр.
Еске сала кетейік, Мьянмада 7,9 балдық жер сілкінісі тіркеліп, қаза болғандардың саны 700-ге жуықтады.