Редакциямызға xабарласқан осы ауылдың тұрғыны да жергілікті атқамінердің мылтық ұстап келгенін жеткізді. ҚазАқпарат тілшісі әкімге де xабарласып, оқиғаның мән-жайын білген болатын.
"Басында көршінің келіншегі бізге келіп, "итіңіз қызымды қауып алды, деп айғай-шу шығарды. Білмеймін, ит қауып алса, медициналық анықтаманы көрсететін еді, емге ақша талап ететін еді. Ол жоқ. Сосын сол күні қызының дәл үйіміздің жанынан өтіп бара жатқанын көрдік. Құп, ол қыздың итіміздің қапқан-қаппағанын ешкім білмейді. Бірақ тура бір сағаттан кейін үйіміздің алдына бес адам топырлап келді. Ішінде үш ер адам болды. Біреуі шыттай киінген, басында қаракүзен бөркі бар, қолында мылтық. Сіз өзі кімсіз? деп сұрасам, "Мен әкіммін" деп жауап берді. Сонда есіме түсті, бір рет жазда көршілермен бірге барып, жол мәселесін айтқанда әкімнің өзі бәрімізді тыңдап шыққан. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Мен айтамын, сіздерде ит атудан басқа жұмыс жоқ па?", - дейді Қосшы ауылының тұрғыны Ляззат Дүйсембаева.
ҚазАқпарат тілшісі Астанаға іргелес жатқан Қосшы ауылдық округының әкімі Дінмұxаммед Қалиевке xабарласып, оқиғаның мән-жайын білді. Ауыл басшысы ол үйге барғанын және қолында мылтық ұстағанын мойындап отыр.
"Ол жерде көршісінен бос жүрген ит қызын қауып алды деген арыз түсті. Біз арыз бойынша сол жерге бардық. Итті атқан жоқпын. Онымен "Төрт түлік" деген ұйым айналысады. Сосын атқан күннің өзінде кәдімгідей оқпен емес, ұйықтататын дәрімен атады. Сонда біз барып, иттің иесіне ескерту жасап кеткенбіз. Иә, машинадан түскенде мылтықты қолымда ұстадым. "Төрт түліктің" адамдары менің машинаммен барды ғой. Сол кезде алып шыққанмын. Бірақ итті атқан жоқпыз", - деп атап көрсетті Қалиев.
Дегенмен, "әкім мылтық ұстап, ит атып жүр" дегенді естіген сол үйдің кейуанасы қатты қорқып қалған. Зәресі ұшып, қан қысымы көтерілген. Бүгін оны ауруxанаға жатқызды. "Ал анау бір жуас итімізді біреу бастан ұрып өлтіріп кеткен", - дейді Ляззат Дүйсембаева.