Мыңға жуық қыз-келіншекті қолөнерге баулыған әженің арманы - өнер мектебін ашу
Айман Ыбырайқызы 1945 жылы 28 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Шегелек ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 3 ұл, 7 қыздан кейін туған үйдің кенжесі биыл 73 жасқа толады. Әйтсе де әжей қартайдым деп қарап отырған жоқ, керісінше жастарды қолөнерге баулып, ұдайы қалада өтетін мәдени шараларының басы-қасынан табылады.
Жолдасы дүниеден өтіп, өзі зейнетке шыққаннан кейін қалалық Достық үйі ішінен 2002 жылы «Айша бибі» қалалық мәдениет орталығы қоғамдық бірлестігін құрады. Мұндағы мақсат - ұлттық салт-дәстүр мен қазақтың мәдениетін жастарға насихаттау. Алғаш бірлестік құрылған уақытта 5-6 әже болса, кейін мүше болуға ниет танытқан әжелер саны артып, қазірде 60-қа жеткен. Ең үлкені 80 жаста. Барлық әжелер он саусағынан өнер тамған шеберлер. Өз білгендерін жас буынға үйрету мақсатында орталық ішінен «Алтын оймақ» үйірмесін ашқан.
Бүгінде түрлі курстар өткізіп, құрақ көрпе тігу, текемет басу, сырмақ оюдың қыр-сырын жас қыз-келіншектерге үйретіп жүр. Әжелер бүгінге дейін мыңға жуық қыз-келіншекті қолөнерге баулыған екен.
«Әкем бізге қарап қайғыратын. «Сендер орысша оқыдыңдар, жұмысты орысша істейсіңдер. Енді жер бетінен қазақтар жойылып кетпесе екен» деп уайымдайтын. Қарасуға көшіп келгенде орыс мектебі ғана болды. Ондағы мұғалімдердің барлығы Мәскеу-Лениград институтын бітіргендер. Бірақ санаулы жыл ішінде қазақ тілін үйрендім», - дейді әже.
Жолдасымен 26 жыл отасқан Айман Ыбырайқызы 1 ұл 2 қызды дүниеге әкелген. Бүгінде 10 немере сүйіп отырған ақжаулықты әже. Ендігі арманы - Семейде өнер мектебін ашу. Осылайша қолөнерге қызығушылық танытатын қыз-келіншектерді ұмытылып бара жатқан қазақтың қолөнеріне баулу.