Мыңға жуық мемлекеттік қызметкер Түркістанға қоныс аударды
Тарихи сәтте жолбасшы болған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, маңызды шешімдер қабылданған Түркістанға атбасын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтар, жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін айтты.
Шымкенттен көшіп шығу салтанатты шарасында белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтер құттықтау сөз сөйлеп, әкімдік қызметкерлеріне қызметте жетістіктер мен табыс тіледі.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері сынды, жалпы саны, 1 мыңға жуық адам бар.
11 автобусқа жайғасқан көш құрамын Түркістан шаһарының әкімдігі күтіп алды.