16:41, 19 Маусым 2009
«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі биыл да өтеді
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/- Биылғы Астана күні мерекесінің бас жоспарына «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпелілер фестивалі енгізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Фестивальдің аясында «Астана» саябағында ұлттық-этнографиялық қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ашылады. Мұнда қазақтың төрт құбыласында, оңтүстік пен солтүстіктің, батыс және шығыс аймақтың тұрмыстық және өнер бұйымдары мен киім-кешек үлгілері секілді ұлттық жәдігерлер назарға тартылады. Ақындар айтысып, әншілер, күйшілер, бишілер өнер көрсетеді. Фестиваль кезінде саябақта қонақтарды жүздеген «сақ жауынгерлері» қарсы алып, көшпелі тұрмысты бейнелейтін көріністер, саятшылық, бүркітшілік өнері көрсетіледі. Астаналықтар мен елорда қонақтары арасында қымыз ішуден жарыс өтеді.