Қазақстан бокс федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында Ташкентте өтетін әлем чемпионатына дайындықтың алғашқы оқу-жаттығу жиыны аяқталғаны айтылған.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы келесі жиынды 19 сәуірде бас бапкер Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен өткізеді.
«Әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығудың соңғы кезеңі еліміздегі «Алма-Тау» базасында өтеді. Ол жерде біріккен оқу-жаттығу жиыны болады. Австралия, Филиппин, Армения, Тәжікстан елдерінің спортшылары бізбен бірге біріккен жаттығу жиынын өткізеді. Оның барысында арнайы шеберлікке, тактикаға ерекше мән береміз. Сол жерден 29 сәуірде Ташкентке аттанамыз. 30 сәуірде жарыстың жеребесі тартылады. Ал 1-14 мамыр аралығындағы әлем чемпионатына бокстан ұлттық құрама командасы қатысады», - деді Мырзағали Айтжанов.
Оның айтуынша, еліміздегі оқу-жаттығу жиынының орта кезінде жарысқа қатысатын боксшылардың тізімі жарияланады.
Айта кетейік, биыл Мырзағали Айтжанов бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.
30 сәуір мен 14 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді.