Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Елбасының кезекті Жолдауда бұқаралық спортты дамыту мәселесін көтергенін ұлт саулығының кепілі деп біледі.
«Күні кеше ғана Түркістанға сапарында Елбасы еліміздегі ең мықты кәсіпкерлерге жаңа нысандар салуды тапсырды. Соның ішінде 10 мың адамдық заманауи стадион, су кешені, аула клубтары бар. Ал, спорт - әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, елдің, ұлттың атын шығаратын бірден бір сала. Спортқа көңіл бөлу - елдің абыройына назар салу деген сөз. Ал, еліміздің беделін көтеретін спортшылар қайдан шықпақ? Әрине, ондай жастар жер-жерлердегі спорт залдардан, жаттығу кешендерінен шығады. Мұны Елбасымыз да жақсы түсінеді»,- дейді ұлттық құраманың бас бапкері.
Оның пікірінше, Елбасының спорт кешендерін салу мен оларды қарапайым халық арасында қолжетімді ету жөніндегі ұсынысы ел арасында спорттың дамуына септігін тигізеді.
«Президентіміз өз сөзінде спорт кешендеріне кіру үшін оқушыларға жеңілдік жасау керектігіне тоқталды. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың дамуына, осы саланың жалпыхалықтық сипатқа ие болуына оң ықпал етпек»,- дейді Мырзағали Айтжанов.