Мырзалин Үкімет басшысына Бурабай курорты аймағын дамыту шараларын баяндады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» (ЩБКА) дамыту бойынша алдағы атқарылатын шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Үкіметі, министрліктер және Ақмола облысының әкімдігі тарапынан мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 

«Жоба бойынша 2012-2013 жылдарға және 2014-2016 жылдарға арналған екі кезеңдік жұмыстар атқарылады. Осының нәтижесінде 43 жоба аяқталып, 12 миллиард теңге қаржы игерілді. Биылғы жылға инфрақұрылым бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін 5,4 миллиард теңге бөлінді.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, соңғы 6 жылда Ақмола облысына келетін туристер саны 2 есеге артып, туристік қызмет көлемі 5 есеге ұлғайған. Жазда туристер саны 500 мыңнан асса, жыл бойына олардың саны 1 миллионға жетеді. Жалпы, 2011-2016 жылдары облыста туризм саласы бойынша демалу индустриясы жобасына 24 миллиард теңге инвестиция тартылып, 49 жоба жүзеге асырылды. Биыл 2017-2019 жылдарға арналған құны 13 милиард теңгенің туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша 23 жобаны жүзеге асыру қарастырылған»,- деді аймақ басшысы.
Бүгінгі таңда ЭКСПО қатысушылары мен қонақтарына 100 нысан есігін айқара ашып отыр. Оның 95-і Бурабай курортында болса, төртеуі Зеренді демалу аймағы және 1-уі Қорғалжын ауданы аумағында орналасқан.
Халықаралық сарапшылар жасаған және ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бекіткен Бурабай курортты аймағын 2020 жылға дейін дамытуға арналған жүйелі жоспары Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда басты құжат болып табылды.
Жоба инвестиция тартуға қолайлы 5 бағыттан тұрады. Оның ішінде Шабақты көлі аумағын көпшілік демалатын орынға айналдыру (туристердің демалуына қолайлы жағдай жасау үшін барлық коммуникация жүйелері қарастырылған инфрқұрылымды дамыту), Щучье көлі аумағын премиум-классты туризм аймағына айналдыру («Бурабай СЭЗ» аумағында құрылған 5 жұлдызды «RIXOS Borovoe» қонақ үйі, Қазақстандық лапландия, ашық тенисс корты), Қатаркөл көлі аумағында ат спорты және балалардың сауықтыру туризмі, Сарыбұлақ ауылында экоауыл құру, Жүкей көлінің аумағында кемпингті дамыту сияқты жобалар бар.
Бұл 5 жобаны жүзеге асыру - ішкі және сыртқы туризмді дамытуда бәскелестікке сай туристік орталық құруға мүмкіндік береді.
Бурабай кентінде өткен жылы жаңа қазандық орнатылып, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Сондай-ақ, екінші кезектегі су тарату желісін қалпына келтіру жұмыстары да аяқталды.
Қазіргі кезде, Бурабай кентіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Щучинск қаласында ағын суды өткізу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан Щучье көлінің айналасындағы сауықтыру орындарын су өткізу және сумен жабдықтау жүйесінің нысанын салуды қажет етеді. Оған қоса магистральды су құбырының құрылысын жүргізу керек. Щучинск қаласын бір орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы технология қолданылатын қазандық салу қажет. Бұл курортты өңірдің экологиясына оң əсер етер еді», деді аймақ басшысы.
Биыл Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша жалпы құны 5,4 милиард теңге тұратын 13 жоба қарастырылған. Осы жылы Бурабай кентінде кәріздік тазалау нысаннының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Жалпы, 2017-2020 жылға дейін Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 3-ші кезеңі бойынша құны 27,2 миллиард теңгенің 21 жобасы қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша 10 жоба бойынша 41,1 миллиард теңге бөлу ұсынылуда.