Мысыр банктері қызметкерлердің ереуілінен кейін жұмыс істей бастады

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Жексенбі күні банк саласы қызметкерлерінің ереуілге шығуына байланысты басталған мәжбүрлі демалыстардан кейін Мысыр банктері қайта ашылды.

Бұл туралы жергілікті БАҚ ақпараттарына сілтеме жасай отырып Утро.ру агенттігі хабарлаған. Банктер бір апта бұрын қызметкерлердің ереуілге шығуына байланысты 14 ақпаннан бастап демалысқа кеткен болатын. Қазіргі таңда банктердің барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады.

Мысырды 30 жыл бойы басқарған президент Хосни Мубарак 18 күн бойы жалғасқан халық толқуларынан кейін 11 ақпан күні отставкаға кетті. Президент билікті қорғаныс министрі Хусейн Тантави басқаратын Мысыр Қарулы күштерінің Жоғарғы кеңесіне берген болатын. Алайда ел бойынша жалақы мөлшерін арттырып, еңбек шарттарын жақсартуды талап еткен бұқаралық ереуілдер мен наразылық шаралары тыйылмай отыр.