«Әл-Яум ас-Сабиа» басылымының хабарлауынша, прокуратура өкілдері сейсенбі күні өздерінің айыптау сөздерін аяқтады және «қылмыстар жиынтығы бойынша» экс-президент Хосни Мүбәракқа, оның ұлдары Гамаль мен Алиге, ІІМ бұрынғы басшысы Хабиб әл-Әдлиге және оның бірнеше көмекшілеріне дарға асу арқылы өлім жазасын талап етті.
Сейсенбіде өткен кезекті сот отырысында прокуратура өкілдері, атап айтқанда, ІІМ «шерушілерге қарсылық көрсетуде өз бөліністерін автоматтармен және оқтармен қаруландырғанын» мәлімдеді. Айыптаушылардың айтуынша, полицейлер стратегиялық нысандарды, соның ішінде үкіметке қарсы жаппай көтеріліске шыққан мыңдаған адам болған Тахрир алаңынан 300 метр жерде орналасқан ішкі істер министрлігінің ғимаратын қорғау үшін оқ жаудыруға бұйрық алған. Сонымен бірге, прокуратураның мәліметтері бойынша, мерт болғандардың көпшілігі басынан, мойнынан және кеудесінен оқ тиіп қазаға ұшыраған. Тыңдауларда куәлік берген ЕАР қауіпсіздік күштері орталық басқармасының өкілі Тарек Ибрагим Ясин «күш-құрылымдары шерушілерге қарсы қолдануға тыйым салған 11 мың патрондарын жоғалтқанын» айтты.
2011-2012 жылдары өткен осы іс бойынша алғашқы процесте айыптау Мүбаракқа және құлатылған режимнің қызметкерлеріне өлім жазасын беруді талап еткен болатын. Алайда ол кезде сотталушылардың айыбын бұлтартпайтын дәлелдер табылмаса да, бұрынғы президентті және ІІМ экс-басшысын өмір бойына түрмеге отырғызумен шектелді.
Бұдан кейін мемлекет басшылығына келген исламшылардың өкілі Мұхаммед Мурси жазаның тым жеңіл екенін ескеріп, істі қайта қарауға пәрмен берді. Қазір оның өзі де билік еткен тұсында болған Каирдегі қарсылықтар акциясы кезінде шерушілердің мерт болуымен байланысты іс бойынша айыпталушылар қатарында.
Мүбәракқа қарсы қайта жүргізіліп жатқан процесті мұнда «ғасыр процесі» деп атауда, ол экс-президенттің адвокаттарынының апелляциясы қанағаттандырылғаннан кейін өткен жылғы сәуірде басталды. Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 29 наурызда өтеді.